ЕУРО-2016. Қазақстан - Чехия - 2:4
2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу сынында Қазақстан мен Чехия құрамалары Астанада кездесті.
Кездесудің алғашқы кезеңінде жерлестеріміз 2 гол өткізіп алды. Ойынның 14-минутында чехиялық Боржек Дочкал есеп ашып, тайм соңына дейін бұл есепті Давид Лафата еселеді - 0:2.
Екінші таймда Юрий Красножанның шәкірттері шабуылды үдете түсті, бірақ нәтиже болмады. Ашық ойын үлгісін өз пайдасына жаратқан қарсылас команданың ойыншысы Ладислав Крейчи 57 минутта 3-гол салды.
Қазақстандық футболшы Юрий Логвиненко 83 минутта бір гол соғып, есепті қысқартты. Бірақ, араға 5 минут салып, ойынның 88-минутында қонақтар сапынан Томаш Нецид 4-гол соқты. Ойын соңында ұлттық құрама қорғаушысы Юрий Логвиненко чехиялықтардың қақпасына 2-ші голын дарытып, есепті 2:4-ке жеткізді. Бұл кездесуде Чехия құрамасы жеңіске жетті.
Қазақстан Ұлттық құрамасы 16-қараша Түркия құрамасымен кездеседі.