Тікелей эфир: «Сток Сити» – «Челси»
Стадион: «Britannia Stadium» (Сток-он-Трент).
Кездесулер статистикасы: +20=15-31. Доп айырмасы: 91-102.
Бас төреші: Нил Суорбрик.
Англия Премьер-лигасының 17-турындағы соңғы ойын «Сток Сити» мен «Челси» арасында өтеді. Өткен сенбі күні «Манчестер Сити» «Кристал Пэлас» клубын ұтып, Жозе Моуринью командасымен ұпайларын теңестіре алды. Енді лондондық клуб АПЛ-да қайтадан жеке дара көш бастауы үшін «Британния» стадионында жеңіске жету керек.
Бұл ойын елордалық клуб үшін өте маңызды. Себебі олар Boxing Day аясында 26 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында «Вест Хэм», «Саутгемптон» және «Тоттенхэм» командаларымен ойнайды.
Ал, «Сток Сити» чемпионат барысында бірқалыпты ойын көрсете алмай келеді. Маусым басында «Манчестер Сити» мен «Арсеналды» жеңген команда кейін «Бёрнли» сияқты клубтарға есе жібере бастады. Сондықтан болар, Марк Хьюз жаттықтыратын команда қазірге таңда турнир кестесінің 13-ші сатысында тұр.
«Британния» стадионында өткен екі команда арасындағы соңғы төрт кездесуде лондондықтар бір ғана рет жеңіске жеткен.
«Оларға қарсы ойнау өте қиын, себебі «Сток Сити» мықты команда. Кезінде Тони Пьюлис команданың негізін қалап, олар Премьер-лигада өте сәтті ойнады. Ал, қазір Марк Хьюз клубтың стилін өзгертпей жаңа идеялар әкелді. Біз «Britannia Stadium» алаңында өз ойынымызды көрсету керекпіз. Қарсыластың мықты жерлерін білеміз және менің футболшыларым оларға бейімделу керек», - деді Жозе Моуринью.
Еске сала кетейік, «Сток Сити» мен «Челси» арасындағы матчты «KAZsport» телеарнасынан бүгін (22-нен 23 желтоқсанға қараған түні) Астана уақытымен сағат түнгі 01:50-де тікелей эфирде көре аласыздар.
Сонымен қатар, бүгін «Саутгемптон» мен «Эвертон» арасындағы ойынды сағат 00:00 тамашалай аласыздар.