Ерлан Қожағапанов Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды
Қазақстан футбол федерациясының ХІ кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияға федерация мүшелері, ҚФФ атқару комитетінің мүшелері, ҚФФ аппараты, аймақтық футбол федерациялардың делегаттары, Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Ал құрметті қонақ ретінде конференция жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шақырылды.
Конференцияны ашқан Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков алдымен делегаттардан өзін федерация басшысы қызметінен босатып, дауыс берулерін сұрады. Делегаттар ҚФФ Президентінің өтінішін бірауыздан қабыл алды. Конференция шешімімен Әділбек Жақсыбековке ҚФФ-тің Құрметті қайраткері атағы берілді.
Күн тәртібіндегі мәселелердің соңында Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланды. Жүз пайыздық кворумға ие болған Ерлан Қожағапанов 2018 жылдың 23 желтоқсанына дейін Қазақстан футболының жаңа басшысы болады.
Өз кезегінде Ерлан Қожағапанов өзіне сенім артқандары үшін ҚФФ конференциясына алғыс білдіріп, Қазақстан футболын, нақты айтқанда балалар-жасөспірімдер футболын, бұқаралық футболды, құрама командалар институтын, өскелең ұрпақты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты. Бұдан бөлек, басты акцент футболды дамытуға кедергі келтіретін факторлармен күресе беруді жалғастыра беру қажеттігін атап өтті.