«Ливерпуль» жылдың соңғы ойынында жанкүйерлеріне ірі жеңіс сыйлады
Англия Премьер-лигасының 2014 жылдың қорытынды ойынында «Ливерпуль» соңғы айлардағы ең үздік ойынын көрсетіп, «Суонсиді» ірі есеппен ұтты.
Алаң иелерінің қақпасына Симон Миньоле қайта оралды. Коло Туре, Лазар Маркович пен Стивен Джеррард негізгі құрамдағы орнын Хави Манкильо, Альберто Морено және Эмре Канға босатып берді.
«Суонси Сити» сапында өткен матчпен салыстырғанда жасыл алаңға Эшли Ричардс, Леон Бриттон және Натан Дайер шықты. Олар өз кезегінде Анхель Рангеля, Ки Сун Юн және жарақат алған Джефферсон Монтероны алмастырды.
Матчты белсенді бастаған «Ливерпуль» алтыншы минутта-ақ қауіп төндірді. Бұрыштамадан көтерілген допты Мартин Шкртел басымен қақпаға тура бағыттағанымен қонақтардың қақпашысы Лукаш Фабиански допты уысынан шығармай қағып алды.
Дегенмен, кездесудегі есеп 37-ші минутта ашылды. Джордан Хендерсон айып алаңының оң қанатынан ұтымды пас шығарып, қорғаушылардың еш қарсылығынсыз қақпаға соққы бағыттаған Альберто Морено мергендік танытты. Есеп - 1:0.
Екінші таймда қонақтардың қақпашысы Лукаш Фабиански қателесіп, Адам Лаллананың гол авторы атануына көмектесті - 2:0.
Алайда, «Суонси» нәтижелі жауапты тез қайтарды. Әуелетіп көтерілген допқа Вильфрид Бонимен таласқан «Ливерпуль» қорғаушысы Мамаду Сако қонақтардың шабуылшысы Гульфи Сигурдссонның гол соғуына мүмкіндік жасап берді. Допты кері қайтаруға қақпашы Миньоленің еш мүмкіндігі болмады - 2:1.
61-ші минутта Адам Лаллана екі қорғаушының қарсылығына қарамастан айып алаңына еніп, қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді - 3:1.
Бұл жетістікпен тоқтамаған «Ливерпуль» ойыншылары 69-шы минутта есепті 4:1-ге жеткізді. Қонақтардың қорғаушысы Джонджо Шелвидің өз қақпасына абайсызда гол соғып алды.
Бірнеше ай бойы сүреңсіз ойын өрнегін көрсеткен Брендан Роджерс шәкірттері жылдың соңғы ойынында өз жанкүйерлерін қуантты.
Фото: www.premierleague.com