Ерлан Қожағапанов: ҚПЛ-дағы «Тараз» клубында жергілікті 10 түлек ойнайды, бұл – көпке үлгі
Қазақстан футбол федерациясының преизденті Ерлан Қожағапанов Тараз қаласына сапары кезінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен кездесті.
Кездесуде аймақта футболды одан әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Жамбыл облысындағы футбол жетістектері мен оны әрі қарай дамыту жоспары туралы айтты.
«Жамбыл облысы - Қазақстандағы футболы дамыған аймақтардың бірі. Өңірдің көптеген дарынды ойыншылары әртүрлі клубтарда да, Қазақстан Ұлттық құрамасында да ойнауда. Қазіргі кезде біздің облыста 100-ден астам футбол алаңы бар. онда 22 мыңнан астам бала шұғылдануда. Болашақта бұл көрсеткіштер арта түсетініне сенімдімін. Сонымен қатар, жыл сайын біздің аймақ Қазақстанның абыройын көтеретін дарынды футболшыларды тәрбиелейді деп үміттенеміз», - деді Кәрім Көкірекбаев.
Кездесуді қорытындылай келе, Ерлан Қожағапанов жергілікті футбол клубы жөнінде пікір білдірді. «Премьер-лигадағы «Тараз» командасында жергілікті футболдың 10 түлегі ойнайды. Көптеген командалар бұл тәжірибені үлгі етсе екен. Бұл – өз түлектерімен тиімді жұмыс істеудің үлгісі», - деді ҚФФ президенті Е.Қожағапанов.
Фото: ҚФФ