Футболдың болашағы Тараз бен Шымкентте талқыланды
Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесу өткізді.
Басқосуға бұрынғы танымал футболшылар Сейілда Байшақов, Нүркен Мазбаев, Фархад Мирсалимбаев, Вячеслав Хван, Христофор Каскениди, сонымен қатар, бапкерлер, футбол функционерлері және жанкүйерлер шақырылды. Шара аясында ҚФФ президенті 2022 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту бағдарламасының жобасын ұсынды.
Бұл бағдарламаның басым бағыттарының бірі - елімізде балалар және жасөспірімдер футболын дамыту. Оны жүзеге асыру үшін дарынды балаларға тәлім беретін аймақтық футбол академияларын құру, футбол орталықтарының санын арттыру, еліміздің барлық өңірінде балалар жаттықтырушыларын жаңа технологиямен даярлау тапсырмалары жоспарға енгізілмек.
«Қазақстанда дарынды адамдар көп, оның ішінде дарынды спортшылар бар. Біздің міндет - оларды тауып, білім алуға, келешекте еуропалық аренада өзін көрсетуге, ең бастысы ұлттық құраманың намысын қорғауға мүмкіндік беру», - деп мәлімдеді Ерлан Қожағапанов.
Сонымен қатар, ҚФФ президенті ардагерлер, бапкерлер және футбол функционерлерімен қазақстандық футболдың басқа да мәселелерін талқылады. Барлығы қазіргі таңда инфрақұрылымды дамыту мен балалар жаттықтырушыларының имиджін көтеру мәселесі өзекті деген пікірге келді.
Айта кету керек, дәл осындай кездесу Шымкентте өтті. Ерлан Қожағапанов 5 мамыр күні Қызылорда жұртшылығымен жүздеспек. Ал, бірнеше күннен кейін қазақстандық футболдың болашағы Алматыда талқыланады. Аталмыш шара алдағы уақытта еліміздің басқа да аймақтарында өтеді.