Қазақстан мен Буркина-Фасо матчына өзбекстандық Равшан Ирматов төрелік етеді
Қазақстан мен Буркина-Фасо құрамаларының жолдастық матчында өзбекстандық арбитр Равшан Ирматов бастаған төрешілер тобы қызмет атқарады.
Равшан Ирматов - халықаралық дәрежедегі төреші. Ол 2010 және 2014 жылғы Әлем чемпионатының финалдық турнирінде, 2012 жылғы Олимпиада ойындарында, Азия Кубогы мен клубтар арасындағы Әлем чемпионатының матчтарында төрелік еткен. 37 жастағы арбитр Әлем чемпионатында қызмет атқарған матчтардың саны бойынша рекордшы. Ол 2010 жылы бес және 2014 жылы төрт ойынға қатысқан.
Өзбекстандық төреші бұған дейін Қазақстан Ұлттық құрамасының екі матчында қызмет атқарған. 2007 жылы Шымкентте өткен Алма-ТВ Кубогында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы матчы, ал 2010 жылы Қазақстан мен Оман құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде төрелік еткен.
Равшан Ирматовқа отандасы Джахангир Саидов пен қырғыз Бахадыр Кочкаров көмектеседі. Резерв төреші болып қазақстандық Александр Алиев тағайындалған.
Қазақстан мен Буркина-Фасо құрамаларының арасындағы матч 12 мамыр Алматының Орталық стадионында өтеді. Ойын жергілікті уақыт бойынша 18:00-де басталады.
Фото: www.kff.kz