Қазақстан құрамасының 16 маусым күнгі матчы өтпейді
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері Асқар Ұранқаев мәлімдеді.
«Бастапқы жоспар бойынша Алматыда Ұлттық құраманың үш кездесуі өтуі тиіс еді. Алдын-ала келісімдердің барлығы жүргізілді және ФИФА күнтізбесіне енгізілді. Осы жоспар бойынша біздің құрама 12 маусым күні Алматыда Буркина-Фасомен жолдастық матч өткізді. Түркия құрамасымен кездесу де ойдағыдай өтті. Алайда, үшінші матч бойынша қиындықтар туындады».
«Жоспарланған ойынға 10 күн қалғанда Кабо-Верде федерациясы матчтан бас тартты. Тиісті хатты электронды пошта арқылы алдық. Біз бұрын-соңды мұндай мәселемен кездеспедік. Өйткені, футбол әлемінде талап пен тәртіпті сақтау қабылданған. Алайда, біздің әріптестер басқа шешім қабылдауды ұйғарыпты» , - дейді Асқар Ұранқаев.
Кабо-Верде ойынына билет сатып алған жанкүйерлердің барлығына ақшасы қайтарылмақ. Ыңғайсыздық үшін ҚФФ басшылығы жанкүйерлерден кешірім сұрайтынын жеткізді.
ҚФФ