«KAZsport» телеарнасы футболдан «ҚР Президентінің Кубогын» тікелей эфирде көрсетеді
Футболдан «ҚР Президентінің Кубогы» биыл 8-ші рет өтеді. Бас жүлдеге Испания, Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Қазақстан құрамалары таласады. 22-26 маусым аралығында Астана xалықаралық жасөспірімдер футболының орталығына айналады.
Турнир - жасөспірім футболшыларға xалықаралық матчтарда тәжірибе жинақтауға ерекше мүмкіндік береді. Мамандар 17 жасқа дейінгі футболшылардың ойынын қарай алады. Бұл қатысушы Ұлттық құрамалардың болашақ ойыншылары.
«Жанкүйерлерге қуанышты жаңалықты xабарлағымыз келеді. Биыл алғаш рет ҚР Президенті Кубогының барлық матчы республикалық «KAZsport» телеарнасының эфирінен көрсетіледі. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды болған емес. Бұл біздің футболшыларға жанкүйерлерінің алдында жақсы ойын өрнегін көрсетуге ынталандыра түседі», - дейді Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері Асқар Ұранқаев.
Айта кетейік, өткен жылы топ жарған испаниялық футболшылар биыл ҚР Президенті Кубогын қорғайтын болады. Ал, 2013 жылы жеңімпаз атанған біздің футболшылар кубокты қайтарып алуға тырысады. Әр команда Астанаға жеңіске жету үшін келеді. Сол себепті бізді тартысқа толы ойындар күтіп тұр.