Шымкентте Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясы ашылды
1 желтоқсан күні Шымкент қаласында Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясы салтанатты түрде ашылды.
Академияның ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов, ҚФФ вице-президенттері Сейілда Байшақов пен Бағлан Ергешев, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, Қазақ футболының ардагерлері Бақтияр Байсейітов, Вахид Масудов, Дмитрий Огай, Асқар Қожабергенов, Нүркен Мазбаев, Олег Воскобойников, Руслан Балтиев, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ОҚО құрметті азаматы Махамбет Сапарбаев, Испания Елшілігінің Қазақстандағы консулы Адриан Ромеро, сонымен қатар, Қазақ футболының жұлдыздары қатысты.
«Академия жұмысын маусым айында жас футболшыларды іріктеуден бастады. 10-14 жас аралығындағы 600-ден астам баланың ішінен 65 үздігі іріктелініп алынды. Испаниялық мамандар қаңтар айында еліміздің оңтүстік өңіріндегі дарынды балаларды тағы да қарап шығады. 2004 жыл туған балалардың тобы ашылады. Біздің міндет - Қазақстанды футбол алпауытына айналдыру», - дейді Ерлан Қожағапанов.
Академияның үш құрылтайшысы бар: «БИІК» футбол базасы футбол инфрақұрылымы мен қонақүйді ұсынады, ОҚО әкімдігі академияны жартылай қаржыландырады, Қазақстан футбол федерациясы жаттықтырушылар, спорттық жабдықтар және киімдермен қамтамасыз етеді.