«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» телеарнасы футболдан Еуропа чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» телеарнасы 10 маусым мен 10 шілде аралығы Фрнацияның 10 қаласында өтетін футболдан Еуропа чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді.
Бұл туралы бүгін «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан» РТРК» АҚ футболдан Еуропа чемпионатын (UEFA EURO – 2016) көрсетуге байланысты өткен брифингінде корпорация Басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы айтты. Он бесінші рет өткізіліп жатқан спорттық турнирдің көрсетілім құқығын «Қазақстан» РТРК» АҚ 2014 жылы сатып алған болатын.
Екі жыл көлемінде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы қатысқан іріктеу турниріндегі трансляцияларынан бөлек, корпорацияға қарасты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazsport» телеарнасы UEFA EURO – 2016 финалдық кезеңінің жеребе рәсімі мен турнирге арналған бірнеше арнайы жоба эфирге шықты.
15-ші Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде алғаш рет 24 команда сынға түспек. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы турнирдегі 51 кездесудің 36-сын, ал, «Kazsport» телеарнасы 15 матчты тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, барлық матчтардың қайталауын «Kazsport» телеарнасынан көре аласыздар.
Негізгі трансляциялардан бөлек, UEFA EURO – 2016 кезінде арнайы студиялық бағдарлама жоспарлануда. Әрбір кездесудің алдында тікелей эфирге шығатын жоба барысында жүргізушілер мен студия қонақтары Еуропа чемпионатын талқылап қана қоймай, түрлі конкурстар ұйымдастыруды жоспарлауда.
Әр күні назарларыңызға 3 матч ұсынылады. Кешкі сағат 18:50-де басталатын күннің алғашқы ойынын «Kazsport» телеарнасы, ал, сағат 21:50 мен 00:50-де басталатын ойындарды «Қазақстан» Ұлттық телеарансы тікелей эфирде көрсетеді.