Ертең Францияда футболдан XV Еуропа чемпионаты басталады
Футболдан Еуропа чемпионаты – УЕФА басшылығымен өткізілетін ұлттық құрамалар арасындағы ең негізгі турнир. Ең алғашқы Еуропа чемпионаты 1960 жылы Францияда ұйымдастырылып, әр 4 жылда бір рет өтетін болып бекітілді. Турнирдің бастапқыдағы атауы – «Еуропа ұлттарының кубогы», деп аталды. Араға 8 жыл салып, 1968 жылы атауын «Футболдан Еуропа чемпионатына» ауыстырды.
Футболдан Еуропа чемпионаты биыл 15-ші рет ұйымдастырылып жатыр. Турнирдің ең алғашқы чемпионы – КСРО құрамасы болса, қазіргі чемпион (2012 жыл) – Испания құрамасы. Сондай-ақ, Испания мен Германия құрамалары турнирде ең көп чемпион атанған командалар. Екі құрама тұғырдың ең биік сатысына 3 реттен көтерілген.
Биылғы чемпионаттың бір ерекшілігі бұрынғыдай 16 құрама емес 24 команда қатысады. Айта кетейік, 24 құраманың ішінде Исландия, Солтүстік Ирландия, Уэльс, Албания және Словакия құрамалары Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатыспақ.
Биылғы Еуропа біріншілігінде 18 төреші қазылық етеді. Олардың арасында Виктор Кашшаи, Юнас Эрикссон, Джюнейт Чакыр және Мартин Аткинсон сияқты Еуропаның ғана емес, әлемнің үздік төрешілері бар. Чемпионаттың ашылу ойынын, яғни, Франция – Румыния матчын венгриялық төрешілер бригадасы басқарады. Ойынның бас төрешісі – В.Кашшаи.
Айта кетейік, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы турнирдегі 51 кездесудің 36-сын, ал, «Kazsport» телеарнасы 15 матчты тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, матчтардың қайталауын «Kazsport» телеарнасынан көре аласыздар.
Ал, 11 маусымнан бастап кешкі сағат 18:50-дегі ойынды «Kazsport» телеарнасы, ал, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы сағат 21:50 мен 00:50-де басталатын ойындарды тікелей эфирде көрсетеді.
Чемпионат кезінде арнайы студиялық бағдарлама жоспарлануда. Әрбір кездесудің алдында тікелей эфирге шығатын хабар барысында жүргізушілер мен студия қонақтары Еуропа чемпионатын талқылап қана қоймай, түрлі конкурстар ұйымдастырады.
Турнирдің көрсетілім құқығын «Қазақстан» РТРК» АҚ 2014 жылы сатып алған болатын.
Футболдан Еуропа чемпионаты 10 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді.