«Kazsport» телеарнасы «Чукарички» - «Ордабасы» матчын тікелей эфирде көрсетеді
30 маусымда Сербия астанасы Белградта Еуропа Лигасының іріктеу кезеңі аясында жергілікті «Чукарички» командасы шымкенттік «Ордабасы» клубын қабылдайды. Ойынды «Kazsport» телеарнасы сағат 00:20-дан бастап тікелей эфирде көрсетеді.
«Чукарички» футбол клубы 1926 жылы Белград қаласында құрылған. 90 жылдық тарихы бар клуб елдің «Партизан» мен «Црвена Звезда» сияқты атақты командаларымен иық тіресіп ойнап келеді.
Аталмыш командада Сербия Ұлттық құрамасының бұрынғы және қазіргі жұлдыздары доп тепкен. Олардың арасында Горан Гавранчич, Александар Коларов пен Андрия Павлович бар. 2013/2014 маусымнан бастап ішкі біріншіліктегі жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан клуб әрдайым Еуропа Лигасының іріктеу кезеңдеріне қатысып келеді.
Ал, 2015 жылы «Чукарички» Сербия Кубогының финалында белградтық «Партизанды» 1:0 есебімен жеңген еді.
Қазақстандық «Ордабасы» осымен Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіне 3-ші рет қатысқалы отыр. Айта кетейік, алғашқы рет, яғни 2012 жылы шымкенттік клуб дәл осы Сербия елінің командасымен кездескен еді. Ол кезде «Ордабасы» сербиялық «Ягодина» футболшыларын екі кезең қорытындысы бойынша 1:0 есебімен (сырт алаңдағы жеңіс пен шымкенттегі тең ойын) ұтты.
Сонымен қатар, «Kazsport» телеарнасы 7 шілдеде Шымкентте өтетін қарымта ойынды да тікелей эфирде көрсетеді.