«Астана» өз алаңында шотландиялық «Селтикпен» тең ойнады
УЕФА Чемпиондар лигасы үшінші біліктілік кезеңінің алғашқы кездесуінде «Астана» өз алаңында шотландиялық «Селтикпен» тең ойнады, есеп 1:1.
Гол авторлары:Юрий Логвиненко (19`) мен Ли Гриффитс (78`).
Бірінші таймда Стойлов шәкірттері бәсең өнер көрсетсе, тайм ортасына қарай қарқынды үдете бастады. Кездесулің 19 минутында «Астана» клубының орталық қорғаушысы Юрий Логвиненко бұрыштамадан Твумасидің көтерген добын қақпаға тура бағыттап, ойындағы алғашқы голдың авторы атанды (1-0, Логвиненко, 19`).
Бірінші голды өткізіп алған «Селтик» футболшылары бірден екінші голды да жіберіп қоя жаздады. «Астана» футболшыларының қарқыны үдей түскенмен, есеп өзгермеді.
Кездесудің 78 минутында «Селтик» шабуылшысы Ли Гриффитстің соққысынан кейін «Астана» өз қақпасына гол жіберіп алды (1-1, 78`).
Қазақстандық клуб ойындағы басымдылыққа ие болып, соңғы минуттарда кем дегенде бір гол салуына мүмкіндік болған еді.
Елордалық футболшыларға бір сәтке де тоқтамай, толық матч бойы қолдау көрсеткен жанкүйерлерді айта кету керек.
«Астана» мен «Селтик» арасындағы кездесуді тікелей эфирде «Kazsport» телеарнасы көрсеткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, командалар арасындағы қарымта ойын 3 тамызда шотландиялық Глазго қаласында өтеді.