«Астана» Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде «БАТЭ» командасын 2:0 есебімен жеңді (ВИДЕО)
Футболдан Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы матчында «Астана» клубының футболшылары белорустің «БАТЭ» командасын жеңді.
«Астана Аренада» өткен кездесу 2:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына шешілді.
Екі клуб арасындағы ойынның бірінші таймында есеп ашылмады. Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клубтың ширақ шабуылдары айқын байқалды. Тек шешуші сәтте ғана «Астана» шабуылшыларына мергендік жетіспей жатты.
Екінші таймда да елордалық клубтың белсенділігі арта түсті. Нәтижесінде 70 минутта Джуниор Кабананга «БАТЭ» қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланып, «Астананы» алға шығарды. Ал 80 минутта Азат Нұрғалиев (екінші таймда алаңға шыққан) есепті еселеді. Беларусь клубының қақпашысы Веремконың қателігі – отандасымыздың алыс қашықтықтан гол соғуына мүмкіндік сыйлады.
Қарымта кездесу 21 тамыз күні Борисовте өтеді. Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алу үшін «Астана» командасы тең ойнауы қажет немесе минималды есеппен ұтылса жеткілікті.