Қазақстан алғаш рет Қырғызстаннан жеңілді
30 тамызда Қазақстан мен көрші Қырғызстан құрамалары арасында жолдастық кездесу өткен еді. Бұл ойында біздің құрама 2:0 есебімен жеңілді.
Гол авторлары: Валерий Кичин (43') мен Мирлан Мурзаев (81').
Кездесудің алғашқы 20 минутында ойын теңбе-тең өткен еді. Бірінші таймның ортасына қарай жігерлене түскен біздің құрама шабуылдарын үдете түскен болатын. Сонда да, көршілеріміз қателіктерге бой бермей, сауатты түрде қорғанды. Бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда (43 минут) айып алаңынан шығарылған допқа бірінші жеткен Қырғызстан құрамасының капитаны Валерий Кичин алыстан бағыттаған соққысының арқасында есепті ашты (Есеп 1:0).
Екінші тайм бастала салысымен Қазақстан құрамасы шабуылға салғанымен, одан ештене шықпады. Қырғызстан құрамасы прессинг жасап, біздің құраманың қақпасына қарымта шабуылдар жасады. Ойынның 81 минутында сол бір жоғары прессинг нәтижесінде қырғыз футболшысы қарымта щабуылға бірден көшіп, айып алаңына жақындай берген мықты соққы бағыттаған болатын. Есепті еселеген Мирлан Мурзаев (2:0).
Кездесудің соңғы минуттарында біздің құрама бар күшін щабуылға салғанымен есеп өзгермеді.