Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау қызметінен кетті
Бразилиялық маман футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кететінін Әлем чемпионатында Испаниядан жеңілгеннен кейін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін Какау ұлттық құрама тізгінін босатып, тек «Қайратты» ғана жаттықтыратынын айтты. Бразилиялық маман құрама мен команданы қатар алып жүруден шаршағанын жеткізді.
«Мен ұлттық құрамадағы жұмысымды аяқтаймын. Енді, тек «Қайратты» ғана жаттықтырғым келеді. Өйткені шаршадым. Төрт жыл бұл өте көп», –дейді ол.
Спорт мамандары Какаудың орнын көмекішсі Жозе Алесио да Силва басуы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Әзірге Алесио құрама сапында қалады екен. Қазақстанды 2018 жылғы Еуропа чемпионатына дәл осы маман дайындауы мүмкін деген болжам көп айтылуда.
Алесио 2007- 2008 жылдары «Қайратта» жұмыс істеген. Кейіннен Әзербайжан құрамасын жаттықтырды. Ал 2014 жылы Какаудың көмекшісі ретінде Қазақстанға қайта оралды.