Қола жүлде кімге бұйырмақ?
«Ертіс» - «Астана»
Бұл ойында елордалық командаға ештеңе керек емес. «Астана» чемпион атанып қойды. «Оқжетпеспен» болған ойыннан кейін Станимир Стойлов тек жастарды шығарамын деп айтты. Демек, «Ертіс» өз алаңында жеңіске жетуі тиіс. Оның үстіне керекуліктер қолаға таласып тұрған команда. Осы ойында бір ұпай алынса да жеткілікті. Алайда, «Астананың» екінші құрамын жеңіп, маусымды жеңіспен аяқтауға тырысады деген үміттемін. Есеп 2:0.
«Қайрат» - «Оқжетпес»
Алаң иелері күміспен күптелген команда. Турнирлік маңыздылық жоқ. Ал, «Оқжетпеске» ше? Оларға 3 ұпай керек. Себебі, чемпионаттағы 4-орын келер маусымда Еуропа лигасына жолдама беруі мүмкін. Ол үшін «Атырау» Қазақстан кубогының финалына шықпауы тиіс. Ал, оның жартылай финалдағы қарсыласы дәл осы «Қайрат». Қонақтардың жеңісіне сенім артамын. 0:1.
«Ордабасы» - «Ақтөбе»
Куаси Куаджо, Цвейба, Сорокин секілді ойыншылар бұл матчқа қатыса алмайды. «Ақтөбе» бапкері тіпті алаңға шығаратын 11 адамды табуым қиындап тұр деген еді. Қола жүлде мен ең болмаса 4-орынға көтерілгісі келетін «Орда» өз алаңында «Ақтөбені» аямайды. 3:0.
«Тараз» - «Шахтер»
«Тараз» өз алаңында өте жақсы ойнайды. Оның үстіне өткенде дәл осы «Шахтерге» жеңілген. Есені қайтару мақсатында Максимов шәкірттері жеңіске жетуі тиіс. Қарағандылықтар Премьер-Лигадағы орындарын сақтап қалғаннан кейін, екінші құраммен шығуы да ықтимал. 2:0.
«Жетісу» - «Ақжайық»
«Тараз» үшін осы ойынның нәтижесі маңызды. Соңғы екі орынды осы екі командаға беріп кеткісі келеді. Ол үшін «Жетісу» өз алаңында жеңіске жеткені дұрыс. Тым болмаса тең нәтиже де жаман емес. Алмас Құлшынбаев болса, өзінің орнын сақтап қалу үшін осы матчта футболшыларын шабуылға шығарып көреді. 2:1.
«Атырау» - «Тобыл»
Осы ойынды өткізбей, екеуіне бір-бір ұпайдан бөліп берсе де, командалар қарсы емес секілді. Қос ұжымға қызықты ойын ғана керек. Бапкерлер шамасы келесі маусымға дайындықты осы ойыннан бастайтын шығар. Алаңға кілең жастар шығады. Ал, олар қандай нәтиже тіркейтіні Аллаға ғана аян. Дегенмен, бір есеп айтып көрейін. 1:0.