Дания құрамасының бас бапкері қазақстандықтардың қарсы шабуылдарынан қауіптенеді
Дания құрамасының бас бапкері Оге Харейде Қазақстан Ұлттық құрамасына қарсы өткізетін кездесу туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Kazpravda.kz dr.dk-ға сілтеме жасап.
Норвегиялық маман қазақстандық команданың қорғанысқа басты көңіл бөлетінін және оның ойынға құрған тиімді жоспары бар екенін сенімді түрде жеткізді.
«Менің ойымша, Қазақстан алты емес, сегіз ойыншымен қорғанады. Бізге мұндайға дайын болу керек. Не істеу керек екенін білеміз. Бізде гол салу үшін мүмкіндектер мол болады: команда допқа көп ие болып, бұрыштамалар мен айып доптарын іске асырмақ,» - дейді Харейде.
Сондай-ақ, қарсыластың жылдам қарсы шабуылдарының қауіпті екендігін атап өтті.
«Алаңның соңғы үштен бір бөлігінде қалай өнер көрсететіміз һте маңызды. Қазақстандықтардың қарсы шабуылдарын да назардан тыс қалдырмау қажет,» - деді Дания құрамасының бас бапкері.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде өтетін біздің құрама мен даниялықтар арасындағы кездесуді тікелей эфирде «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарынан көре аласыздар. Трансляцияның басталуы түнгі 01:35-те. Сондай-ақ, kaztrk.kz және kazsport.kaztrk.kz сайттарында онлайн-көрсетілім жүргізіледі.