Лионель Месси оның футбол жейдесін пакеттен жасап алған ауғанстандық жанкүйерімен кездесті
«Барселона» футбол клубының шабуылшысы Лионель Месси оның нөмірі мен есімі жазылған ақ-көгілдір түсті футбол жейдесін пакеттен жасап алып, интернет жұлдызына айналған ауғанстандық бүлдіршін Мұртаза Ахмадимен кездесті, деп жазады «The Guardian».
2022 жылы Катарда өтетін футболдан Әлем чемпионатының Ұйымдастыру комитеті Месси және оның кішкентай жанкүйерінің видеосын жария етті. Кездесу Доха қаласында өтті, Лионель Месси мұнда «Барселона» мен жергілікті футбол командасы арасындағы жолдастық матчқа қатысу үшін келген болатын.
Мессидің целлофаннан жасалған жейде киген бүлдіршіннің суреті осы жылдың қаңтарында интернет желісінде танымал болып, Ауғанстан футбол федерациясы жанкүйер мен футболшының кездесуін ұйымдастырамыз деп уәде берген болатын.
Ақпанда аргентиналық футбол жұлдызы өзінің құрамасының жейдесіне қолтаңбасын қойып, бүлдіршінге сый ретінде жіберді.