Александр Бородюк Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды
Алматылық «Қайрат» клубының бұрынғы жаттықтырушысы Александр Бородюк ресми түрде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Ресейлік маман Қазақстан Ұлттық құрамасын алдағы үш жыл бойы баптайды. Келісімшарт мерзімі осы уақытқа жоспарланған. Александр Бородюктің Ұлттық құрама тізгінінде жұмыс істеу тәжірибесі бар. Ол футболдан Ресей құрамасының бапкерлер қосынында болып, бірнеше жаттықтырушының көмекшісі болған.
Еске салайық, 54 жастағы маман «Қайратты» 2016 жылғы маусымның басында жаттықтырған еді. Ол алматылық клубпен Қазақстанның Суперкубогын жеңіп алғанымен, маусым барысында көрсеткен нәтижесі көңіл көншітпеді. Сол себептен ресейлік маман өз еркімен қызметін босатты.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Ұлттық құрамасының тізгінін Талғат Байсуфинов ұстап келген. Енді ол Қазақстан футбол Федерациясының Ұлттық құрамалар департаментінің техникалық директоры қызметін атқарады.