Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Футбол федерациясының президенті болып сайланды
Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияға Атқарушы комитет пен федерация мүшелері, УЕФА мен аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Конференцияда ұйымның президенті Сейілда Байшақов қызметінен ресми отставкаға кетті.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының мүшелері – футбол клубтарының өкілдері, сонымен қатар, Аймақтық футбол федерацияларының өкілдері Қазақстан Футбол федерациясының президенті қызметіне Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ футболының ардагерлері мен белгілі сарапшылар Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасына қолдау білдірді. Онда оның әртүрлі мемлекеттік қызметтегі табысты еңбегі мен еліміздің ең басты футбол органын басқару тәжірибесі туралы айтылды.
Конференция делегаттары Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Әділбек Жақсыбеков төрт жылға Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.
Дереккөз: kff.kz