«Астана» «Спортингке» есе жіберді
«Астана» УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалы аясында Португалияның «Спортингін» қабылдап, 1:3 есебімен жеңіліс тапты
Елордалық ұжым алғашқы минуттардан бастап-ақ ойын тізгінін қолға алды. Жылдам шабуылдардың нәтижесінде Марин Томасов дәл соққы бағыттап, есеп ашты. Бірінші тайм соңына дейін командалар алма-кезек шабуылдағанмен, үзіліске 1:0 есебімен шықты.
Екінші таймда лиссабондық клуб жеңісті оңайлықпен бермейтінін көрсетті. . 48-минутта қақпамызға 11 метрлік айып добы белгіленіп, қонақтар сапында Фернандеш есепті теңестірді. Тура екі минуттан соң Ж. Мартинш есепті 1:2-ге жеткізді. Мүндай жойқын шабуылдан есеңгіреп қалған елордалықтар қорғаныста көп қателіктер жібере бастады. Көп кешікпей Жорже Жезуш шәкірттері ес жиып үлгермеген елордалық ұжымға үшінші голды да соқты. Оның үстіне, франциялық төреші Буке өрескелдік танытқаны үшін Юрий Логвиненкоға екінші сары қағазды көрсетіп, алаңнан қуды. Ойын соңына дейін дамылсыз шабуылдаған қонақтар елордалық футболшылардың қорғаныс шебіне тыным бермеді. Ойын 1:3 есебімен аяқталды. Енді «Астана» келесі кезеңге өту үшін Лиссабон қаласында 22 ақпан күні өтетін жауапты кездесуде ерекше ерлік көрсетуі тиіс.