Қазақстан Ұлттық құрамасы Болгарияға есе жіберді
Ойын Венгрияның Фельчут қаласындағы "Панчо Арена" стадионында өтті.
Венгрияға қарсы ойынмен салыстырғанда Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов негізгі құрамда екі өзгеріс енгізді: негізгі қақпашының орнын Владимир Плотников алса, сол қапталдағы қорғаушы ретінде алаңға Гафуржан Сүйімбаев шықты.
Ойынның 24-ші минутта Қазақстан қақпасына 11 метрлік айып соққысы белгіленді. Бұл кезде Гафуржан Сүйімбаев Станислав Манолевке қарсы ойын ережесін бұзған еді. Болгар капитаны Ивелин Попов мүлт кетпеді. Есеп 1:0.
Үзілісте Стойлов екі рет ойыншы ауыстырды, олардың бірі нәтижелі болды. 55-ші минутта Еркебұлан Тұңғышбаев есепті теңестірді, ал мұның алдында Роман Мұртазаевтың соққысы қақпа бағанасына тиген болатын.
Соғылған голдан кейін де Қазақстан құрамасы тоқтамай, ойында басымдық танытты. Гол соғатын мүмкіндік Мұртазаевта болған - ол асқан жылдамдықпен қарсыласынан озса да, дәл соққы жасай алмады.
Алайда матч Болгарияның жеңісімен аяқталды. Соңғы секундтарда Тұңғышбаев ереже бұзып, айып добы белгіленген, оны қарсылас команданың ойыншысы Николай Бодуров сәтті орындап, гол соғып кетті.
Еске салайық, 23 наурызда Қазақстан құрамасы Будапеште өткен жолдастық кездесуде Венгрияны 3:2 есебімен жеңген еді.