Қазақстан жастары Люксембургті ойсырата ұтты
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы (U21) 2019 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Люксембург жастар құрамасын ойсырата ұтты. Астанада өткен ойында отандастарымыз 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойындағы алғашқы голды 7 минутта Иван Антипов соққан. Алайда төрешілер ойыншыны оффсайдта қалды деп есептеп, голды есепке алмады. Араға 3 минут сала Ян Вороговский Қазақстан жастарын алға шығарды. Құрама сапындағы екінші голды да Ян өз еншісіне жазды. Ойынның 13-минутында қорғаушының өрескел қателігін ұтымды пайдаланған ол есепті еселей түсті.
73 минутта қонақтар сапынан қорғаушы Седрик Сакра екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сондай-ақ Люксембург жастар құрамасы қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік соққыдан Максим Федин мүлт кеткен жоқ.
Қазақстан жастары топтық кезеңде 7 ойын өткізіп 2 рет жеңіс, 3 рет тең түсті. 2 ойында қарсыластарына есе жіберді. 9 ұпаймен үшінші орында келеді.
Талғат Байсуфинов шәкірттері келесі ойынын 7 қыркүйек күні елімізде Словения жастарына қарсы өткізеді.