«Қайрат» азулы қарсыласын тізе бүктірді
Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайрат» Голландияның «АЗ Алкмаар» клубын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Өз алаңында ойнаған «Қайрат» командасы ойын бастала сала шабуыл шебін күшейтті. Алғашқы голды ойынның 12-минутында Адеринсола Эсеола соқты. Ол қарсыластарының сүреңсіз ойнауының нәтижесінде қақпашымен бетпе-бет шығып допты қақпа торынан тулатты.
Екінші голды матчтың 50-минутында алматылық тағы да Адеринсола Эсеола соғып ойынның нүктесін қойды.
Енді қарымта кездесуді 2 тамызда сырт алаңда өтеді.
Сондай-ақ, Еуропа лигасы аясында бақ сынап жатқан тағы бір отандық клуб «Тобол» өз алаңында Арменияның «Пюник» командасын 2:1 есебімен жеңді. Қазақстандық ұжым сапынан Максим Федин мен Азат Нұрғалиев гол авторлары атанды.