САМАТ СМАҚОВ «АҚТӨБЕ» ФУТБОЛ КЛУБЫН САТЫП АЛДЫ
Басынан дау арылмаған «Ақтөбе» футбол клубы ақыры сенімгерлік басқаруға берілді. Оның жаңа қожайыны еліміздегі танымал тұлғалардың бірі – Самат Смақов.
Даңқты футболшы бұған дейін дәл осы командада ойнап, елеулі жетістіктерге де жеткен. Ал, мансабын аяқтаған соң, клубтың бас директоры қызметін атқарып келеді. Ол үшінші рет өткен бәссаудаға жалғыз өзі қатысып, жеңді. Бұған дейін клуб екі рет саудаға шығарылып, алушы табылмаған еді. «Ақтөбе» сенімді басқаруға, кейінгі сатып алу құқымен жеті жылға берілді. Келісім құны - 108 миллион теңге. С.Смақов клубты басқару кезінде оны қайта сатуға және кепілге беруіне тыйым салынған. Сондай-ақ, клубтың барлық міндетті турнирлер мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Балалар футболын дамыту ісін де жалғастырады.
Самат Смақов, «Ақтөбе» ФК Бас директоры:
-Самат Смақов ақшаны қайдан алды, деп ойлайтын шығарсыздар? Мен 21 жылдық мансабымда жүгері күзеткен жоқпын, футбол ойнап, ақша таптым. Оның үстіне ереже бойынша 108 миллион бірден төленбейді. Алдымен 15 миллион ғана бердік. Қалғанын алдағы 7 жыл ішінде өтеуіміз керек. Қазір клубтың бұған дейінгі қарыздарын өтеуге күш салып жатырмыз.
Фото: «Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі