Ауыр атлетикадан ҚР Кубогы үшін жарыс жалғасуда
Қыздар арасында 53 кг салмақта оңтүстікастаналық Әсел Амангелді үздік танылды. Оның еншісіне 154 кг (70 + 84) ұпай байланды. Бір сатыға төмен ақтөбелік ауыр атлет Ақмарал Үрпешбаева жайғасты, оның көрсеткіші -147 кг (67 + 80). Тұғырдың «қола» орны Әселдің жерлесі Гүлзат Тайболатоваға бұйырды, оның жинаған ұпайы 143 кг (63 + 80). 58 келіде Анастасия Малеева бірінші орынды иеленсе, қоссайыста 160 және 133 келі нәтиже көрсеткен Лидия Ануфриева мен Валерия Яблонскаялар жүлдегер атанды. Ал 63 келіде Кристина Крахалева кубок иегері атанса, Анастасия Халикова мен Шолпан Досовалар жүлделі орындарды өзара бөлісті.
56 кг салмақта ерлер арасында өткен тартыста 196 кг (88 +108) ұпаймен Нұрлыбек Әбенов суырылып шықты. Ал 178 кг (77 + 101) ұпай еншілеген Арыстанбек Жақанша «күміс» жүлдені қанағат тұтса, үшінші орын Асхат Ділдаевқа (175 кг (80 + 95) бұйырды. 62 келі салмақ дәрежесінде Әділбек Балхаев жеңістің ең биік сатысына көтерілді.
Сондай-ақ, 94 келі салмақ дәрежесінде арнайы Илья Ильин атындағы кубок сарапқа салынбақ. Үздік шыққан ауыр атлет 150 000 тг сыйақы алады.