Ауыр атлетика федерациясы мен «Астана» ПКСК әріптес атанды
Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының басшысы Тимур Құлыбаев пен Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басшылығы кездесті, деп хабарлайды confederation.kz.
Кездесу барысында Қазақстанның әр аймағында ауыр атлетиканы дамытып, насихаттау жоспары қарастырылды. Елімізде спорттың бұл түрін дамыту үшін жыл басында ашылған 11 аймақтық ауыр атлетика федерациялары да үлес қосады. Айта кету керек, бүгінде еліміздің 14 облысы мен 2 қаласында Ауыр атлетика федерациясы жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, жиын кезінде Алматыда өтетін Әлем чемпионатын (4-16 қараша) жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бұл тұрғыда Халықаралық және Азия ауыр атлетика федерацияларымен тығыз қарым-қатынас жүргізу шарт.
Қазақстан зілтеміршілерінің өз жерімізде өтетін Әлем чемпионаты мен Азия ойындарында (19 қыркүйек – 4 қазан, Инчхон, Оңтүстік Корея) сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл жарыста Қазақстан намысын тәжірибелі спортшыларымызбен қатар, жас дарындарымыз да қорғайтын болады.
Жиында Ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының өкілдерімен кездесіп, бірлесіп қызмет ету туралы келісімге келді. Енді Қазақстан зілтеміршілері «Астана» ПКСК қанатының астында жарысқа қатысады. Сонымен қатар, Қазақстанда жыл сайын халықаралық кубоктық жарыс өткізу туралы келісім жасалды.