Алматыдағы атлетикалық ауылдың құрылысы басталады
Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаладағы Универсиада-2017 спорттық нысандарын аралап шықты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сапар барысында қала басшысы 12 мың және 3 мың орындық мұз айдыны мен 5 мың орындық атлетикалық ауылдың құрылысы барысымен танысты.
Қазіргі уақытта мұз айдынындағы жерасты жұмыстары толығымен бітті. Негізгі мұнаралар мен сырғанақтың жігі қосылып, бетон іргетас құйылды.
Ал, 5 мың орындық атлетикалық ауылдың құрылысы 2014 жылдың төртінші тоқсанында басталады. Қазір құрылыс алаңы әзірленуде.
Қала басшысы барлық салынып жатқан нысанның Халықаралық Олимпиада комитетінің стандарттарына, FISU университеттік спорт федерациясының нормаларына сай болуын ескертті.
«Универсиада-2017» біткен соң да бұл нысандар халық игілігіне жұмыс істеуі керек. Жоба бойынша мұнда тек спорттық қана емес, мәдени-бұқаралық шаралар да өткізілуі тиіс», - деді А.Есімов.
Фото: fnsu.kz