Ауыр атлетика. Жарыс жолында – Карина Горичева
Алматыда ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында дода жалғасуда. Бүгін жарыс жолында – жастар арасындағы Әлем чемпионаттарының жүлдегері, Қазанда өткен Универсиаданың күміс жүлдегері Карина Горичева шығады.
Қазақстандық спортшы түскі сағат 16:00-де 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «А» тобында күш сынайды.
94 келі салмақ дәрежесі бойынша «D» тобында ерлер арасындағы дода таңертеңгі 9:00-де өтті. Ал, «С» тобындағы жарыс кешкі 21:00-де басталады.
Сонымен қатар, кешкі 19:00-де 85 келі салмақ дәрежесі бойынша «А» тобының спортшылары жүлделі орынға таласатын болады.
Қазақстандық спортшылар әлемнің мықтылары бас қосып жатқан байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Кеше қазақстандық спортшы Гүлназ Наурызова 63 келіге дейінгі салмақ санатында «С» тобында екінші орынға тұрақтады.
Қоссайыстың нәтижесінде қазақстандық спортшы 196 келі (91+105) көтерді. Ал, 77 келіге дейін салмақ санаты бойынша өнер көрсеткен зілтемірші Кирилл Павлов қоссайыста 352 келі көтеріп, өз тобында төртінші орынды місе тұтты.
Бұған дейін Олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанло Әлем чемпионы аталып, өзінің серпе көтерудегі рекордын жаңартқан болатын. Ал, ерлер арасында өнер көрсеткен 18 жасар Альберт Линдер 10-шы орынға тұрақтады.
Сайыстың алғашқы күні жарыс жолына шыққан Арли Чонтей алтыншы орынмен ғана қанағаттанса, қыздар арасынан Маргарита Елисеева алғашқы айналымнан аса алмады.
Еске сала кетейік, байрақты бәсекеде 72 елден 538 спортшы бақтарын сынауда. Оның 315-і ерлер болса, 223-і әйелдер. Әйелдер жеті салмақ дәрежесі бойынша (48, 53, 58, 63, 69, 75, +75 келі) сынға түссе, ерлер сегіз салмақта (56, 62, 69, 77, 85, 94, 105, +105) жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын болады.Қазақстан Ұлттық құрамасы бұл додаға толық құрамда қатысып отыр.
Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан Әлем чемпионатын «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.