Жанат Түсіпбеков IWF атқарушы комитетінің мүшелігіне сайланды
Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков IWF Халықаралық федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі мен маркетингтік комиссиясының төрағасы ретінде сайланды.
Лимада өткен IWF атқарушы комитетінің отырысында Ж.Түсіпбековтің кандидатурасы бір ауыздан қолдау тауып, маркетингтік комиссиясының төрағалығына сайланды.
«Жанат Түсіпбековтың жұмысы әлемдік Ауыр атлетика қоғамына бұрыннан белгілі. Өткен жылы Қазақстанда Ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көшбасшыларының бірі ретінде танылды. Тәжірибесі мол басшының қолдауымен маркетингтік комиссиясының жұмысы одан әрі дамиды деп сенемін» - дейді IWF президенті Томаш Аян.
«Қазақстан спортта үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Еліміздің барлық аймақтарда спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің саны өсуде. Бұның басты себебі қазақстандықтар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мәселесі Елбасының жеке бақылауында болғаны» - деді Ж. Түсіпбеков.
Айта кетейік, 8-12 сәуір аралығында Лимада 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтпек. Байрақты бәсекеге әлемнің 200-ден астам зілтеміршісі, соның ішінде 6 қазақстандық спортшы қатысады.