Әйгерім Әуелбек ауыр атлетикадан жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Қазақстандық ауыр атлетші Әйгерім Әуелбек Перу астанасы Лимада өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпинатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
58 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әйгерім жұлқа көтеруде 85 келіні көтерсе, серпе көтеруде 107 келіні бағындырған. Ал, қос сайыс нәтижесі бойынша 192 келіні еңсеріп, жастар арасында Әлем чемпионының күміс жүлдегері атанды.
Әлем чемпионатының алтын жүлдесі тайландтық Даенгсри Навапомға (207 келі) бұйырды. Ал, испаниялық ауыр атлетші Санчес Феррер (192 келі) қола жүлдегер атанды.
Әйгерім Әуелбек пен Санчес Феррер бірдей нәтиже көрсеткенімен қазақстандық ауыр атлеттің салмағы қарсыласына қарағанда жеңіл болды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандық атлет Игор Сон Әлем чемпионы атанған болатын.
Жарысқа шығатын қазақстандық ауыр атлеттер тізімі:
11 сәуір: Шыңғыс Сағындықов (85 кг) — жастар арасында Қазақстан чемпионы:
11-12 сәуір: Татьяна Капустина (+69 кг) — жастар арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Қазақстан чемпионы.