Қарағандылық жас пауэрлифтерлер әлемдік рекорд орнатып, республикалық чемпионатта жеңіске жетті
Қарағандылық пауэрлифтерлер Алматы қаласында өткен Қазақстанның IPF чемпионатын әлемдік рекорд орнатып жеңіп алды, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Алматы қаласында IPF классикалық пауэрлифтингі бойынша 18 жасқа дейінгі бозбалалар мен бойжеткендердің арасында өткен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыстарға республиканың 13 облысынан келген 15 команда, жалпы алғанда 300-ден астам атлет қатысты. Бәсекеге Қарағанды облысынан 20 спортшы сынға түскен.
Командалық есепте Қарағанды облысы бозбалалардың да, бойжеткендердің де арасында бірінші орынға ие болды.
Бойжеткендер арасындағы салмақ дәрежелерінде облыстық кешенді балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебінің тәрбиеленушілері: Ксения Варщук (76 келі), Анастасия Гришняева (72 келі), Полина Онуфрак (84 келі) жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Вера Голубева (52 келі) иеленді. Олардың барлығын С.Назаренко жаттықтырады.
Бозбалалар арасында алтын медальдар алғандар: Шамиль Коржук (40 келі), Руслан Қадыров (93 келі), Александр Загревский (120 келі), Юрий Абушахманов (+120 келі ). Күміс жүлдені Вячеслав Авдеев (105 келі) және Евгений Анищенко (+120 келі) иеленсе, қола медальді Данил Павлов (48 келі) жеңіп алды. Спортшыларды жарыстарға жаттықтырушылар И. Дейнеко, С. Назаренко, В. Янко дайындаған.
Александр Загревский (120 келі) «тізе бүгіп отыру» жаттығуында 260,5 келі көтеріп, әлемдік рекордты орнатты. Оның жаттықтырушысы - И.Дейнеко.
IPF пауэрлифтингі - WADA дүниежүзілік қауымдастығының талаптарына сәйкес допингті қолдану толық бақыланатын спорт түрі. 1972 жылдың қараша айында пауэрлифтинг халықаралық федерациясының (IPF) негізі қаланса, 1973 жылдың қарашасында бірінші Әлем чемпионаты өткізілген.