Ауыр атлетика. ӘЧ-2015. Александр Зайчиков алтын медаль алды
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақ санатындағы жарыс аяқталды.
Қазақстандық зілтемірші Александр Зайчиков Американың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында 105 келіге дейінгі салмақта алтын медальды олжалады.
Жұлқа көтеруде 191, серпе көтеруде 230 келіні еңсерген жерлесіміз жалпы есепте 421 келіні бағындырып, қарсыластарынан озық нәтиже көрсетті. Екінші орынды ресейлік спортшы Давид Беджанян алды, оның жалпы көрсеткіші - 411 келі. Ал, үздік үштікті латвиялық Артурс Плесниекс түйіндеді. Ол жұлқа және серпе көтеруде 405 келіні бағындырды.
Бұған дейін 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов көк байрағымызды биіктен желбіретіп, алтыннан алқа таққан еді. Сондай-ақ, ерлер арасында 94 келіге дейінгі салмақта Алмас Өтешев пен әйелдер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл күміс медальды еншілесе, 94 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Қыдырбаев қола медаль алған. Жалпы, бұл Әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар 2 «алтын», 2 «күміс», 1 «қоланы» қанжығалады.
Қазақстандық жанкүйерлер осы бір жеңісті сәтті «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде тамашалады.
Айта кетейік, былтыр Алматыда өткен Әлем біріншілігінде дәл осы салмақта Илья Ильин жеңіске жеткен болатын.