Қызылорда облысының әкімі Александар Зайчиковке пәтер сыйлады
Кездесу барысында Александар Зайчиковке үш бөлмелі пәтер кілті және 2 млн теңгенің сертификаты, ал Алмас Өтешовке 1,5 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев зілтеміршілер Александр Зайчиков пен Алмас Өтешовті қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Айта кетейік, ауыр атлетикадан АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем біріншілігінде қос қызылордалық жеңіспен оралды. 94 келіде Алмас Өтешов күміс жүлдегер атанса, 105 салмақ дәрежесінде Александр Зайчиков алтын медальді мойнына тақты.
«Спортшының жетістігі – елдің мерейі. Қазақстан чемпионаттары мен Әлемдік аренада атой салып, ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да жетерлік. Биылғы жылы облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 461 жүлдені иеленсе, әлем, Азия біріншіліктерінде қоржынға 40 жүлде салды. Өздеріңіз білесіздер, шет мемлекеттерде тек екі жағдайда біздің Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Бірі – Елбасы сол елге барған кезде, екіншісі – спортшымыз жеңіске жеткен сәтте. Хьюстонда өткен Әлем чемпионатында мерейімізді асқақтатқан қос қыранымызға алдағы үлкен додада сәттілік тілеймін. Тіл-көзден аман болыңыздар», – деді Қырымбек Көшербаев.
Қос спортшы өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдіріп, келер жылы Бразилияда өтетін Олимпиадада жеңіске жету үшін жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.
Кездесу барысында Александар Зайчиковке үш бөлмелі пәтер кілті және 2 млн теңгенің сертификаты, ал Алмас Өтешовке 1,5 млн теңгенің сертификаты табысталды.