Бүгін - жеңілатлет Ольга Рыпакованың туған күні
Бүгін Лондон Олимпиадасының (2012) чемпионы, Бейжің (2008) және Рио (2016) Олимпиадаларының қола жүлдегері жеңілатлет Ольга Рыпакова 32 жасқа толды.
Ольга Рыпакова 1984 жылы 30 қарашада Өскемен қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Шығыс Қазақстандағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатын тәмамдады. Әкесі С.Д.Алексеевтің қарамағында жаттығады.
Ұзындыққа секіруден 2010 жылғы Әлем чемпионы, үш қарғып секіру мен жетісайыстан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, үш қарғып секіруден 2007 жылы Бангкокте (Таиланд) өткен Универсиада чемпионы. Еңбегі сіңген спорт шебері.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласында тұрады.
Лондон Олимпиадасының финалында 14,98 метр нәтижесімен жеңіске жетті. 2016 жылы Риода 14,74 метрге секіріп, қола медальге ие болды. Ал, 2008 жылғы жазғы Олимпиадада үш қарғып секіруден үшінші орынға ие болған Хрисопия Деветцидің нәтижелерін қайта қараудан кейін Ольга Рыпакова Бейжіңде өткен төртжылдық доданың қола жүлдегері атанды. Бұл Олимпиадада ол 15,11 метр қашықтыққа секірді.
Тұрмыста, күйеуі - Денис Рыпаков, 400 метрге жүгіруден Тэгуде (Оңтүстік Корея, 2003) өткен Универсиаданың күміс жүлдегері. Балалары - Настя және Кирилл.
Өскеменде жеңілатлетикалық орталыққа Ольга Рыпакова аты берілген.