Шымкенттегі теннис турнирінің ширек финалына шыққандар анықталды
«GoldTournamentShymkent» халықаралық турнирі жалғасуда. Ширек финалға алғашқы болып шымкенттік Роман Хасанов жолдама алды. Ол екінші айналымда Тимур Сидоровты 6:1, 7:5 есептерімен жеңді. Келесі кезеңде Роман Хасанов жерлесі Богдан Валиевке қарсы ойнайды. Турнирдің бірінші ракеткасы Тимур Хабибуллин екінші айналымда Ташкенттен келген теннисші Сайдаъло Сайдкаримовтен - 2:6, 3:6 есептерімен ұтылды. Сайдкаримов ширек финалда отандасы Санетуллы Кутыбаевқа қарсы ойнайды. Сонымен қатар ширек финалға талдықорғандық Қасымбек Ақжаркенов те жолдама алды. Ол екінші айналымда алматылық Андрей Новаренконы екі сетте 6:1, 6:2 есептерімен айқын ұтты. Ақжаркенов жартылай финал жолдамасын астаналық Сағадат Аяппен сарапқа салады. Қыздар арасынан ширек финалда жарыстың бірінші ракеткасы алматылық Екатерина Губанова астаналық Камила Болатовамен кездеседі. Тағы бір алматылық Динара Имажанова да ширек финалға жолдама алды. Ол ¼ финалда Анастасия Бесарабпен ойнайды. Турнирдің екінші ракеткасы астаналық Екатерина Клюева екінші айналымда алматылық Әйгерім Сүлейменді 6:1, 6:2 есептерімен ұтып, ширек финалға шықты. Клюеваның келесі қарсыласы тағы бір астаналық Милана Лысова. Сонымен қатар ширек финалда Өскеменнен келген Аделаида Аллахвердиева мен астаналық теннисші Гозаль Айнитдинова кездеседі.