Жыл қорытындысы бойынша үздік отыздыққа енуді қалаймын – Зарина Диас
Қазақстандық теннисші Зарина Диас үшін бұл маусым сәтті өтуде. Ол биыл әлемнің үздік жүз теннисшісінің қатарына алғаш рет енді. Спортшы 2014 жылдың қорытындысы бойынша WTA рейтингінде үздік отыз теннисшінің қатарына енуді мақсат етіп отыр.
Зарина Диас маусым алдындағы жаттығуды Қытайда өткізген. Қазіргі уақытта оның жаттықтырушылары Алан Ма мен Стефано Баральдо. Ол кәсіби бапкерлердің жұмысына дән риза.
«Мельбурнде өткен Австралия ашық біріншілігінде көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Дайындық кезеңінде физикалық жаттығуларға мән бердім. Бұл жаттығулар маған көмектесті», - дейді теннисші vesti.kz порталына берген сұхбатында.
Қазіргі уақытта Зарина Диас Малайзия астанасы Куала-Лумпурде өтіп жатқан WTA турниріне қатысуда. Алғашқы екі айналымнан сүрінбей өткен Заринаның келесі қарсыласы – әлемнің 10-шы ракеткасы, словак қызы Доминика Цибулкова.
Сонымен қатар, теннисші алдағы уақытта Франция мен Италияда өтетін жарыстарға қатыспақ.
Фото: wtatour.com