Римде өтіп жатқан турнирдің жұптық бәсекесінде Ярослава Шведова финалға шыға алмады
Италия астанасы Римде өтіп жатқан Internazionali BNL d'Italia турнирінің жұптық бәсекесінде сынға түсіп жатқан қазақстандық және испаниялық жұп Ярослава Шведова мен Анабель Медина-Гарригес финалға шыға алмады.
Олар жартылай финалда чех Квета Пешке мен словак Катарина Среботниктен жеңілді. Есеп: 6/7(6), 4/6.
1 сағат 40 минутқа созылған матч аса тартысты өтті. Алайда Пешке мен Среботник шешуші сәттерде басымдылық танытты. Енді олар ақтық бәсекеде италиялық теннисшілер Сара Эррани және Роберта Винчимен кездеседі.