Астанада теннистен «Президент кубогы – 2014» басталды
Астанадағы Ұлттық теннис орталығында ерлер және әйелдер арасындағы теннистен дәстүрлі «Президент кубогы» турнирі өтеді. Турнирдің жүлде қоры – 225 мың АҚШ доллары.
Биылғы бәсекеде отандық теннисшілерден бөлек, әлемнің 31 елінің теннисшілері бақ сынайды.
«Біз үшін Президент кубогы осы жылдың ең маңызды турнирі. Биылғы бәсекеге тыңғылықты дайындалып келдім. Жеңіске жету үшін бар күшімді сарп етемін», - дейді қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы турнирде Кукушкин финалға дейін жетіп, шешуші ойында жеңіліп қалған болатын.
«Қазақстандық теннис жанкүйерлері үшін Елордаға келіп, әлемнің мықты теннисшілерінің ойынын тамашалауға жақсы мүмкіндік. Теннис федерациясы жанкүйерлер мен теннисшілер үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Меніңше, осы аптада Астанада тамаша теннис кеші өтеді», - деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев.
Турнир 27 шілдеге дейін жалғасады.