Дэвис Кубогы. Кукушкин Сеппиді ұтып, есепті теңестірді
Дэвис Кубогының алғашқы 1/8 финалы аясында Қазақстан мен Италия құрамалары арасындағы кездесулер жалғасуда.
Жарыс Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтуде. Турнирдің үшінші күні Қазақстан құрамасынан Михаил Кукушкин, ал италиялықтардан Андреас Сеппи шығып, Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин жеңіске жетті.
Бірінші сетте теннисшілер 57 минут ойнап, жеңімпазды тек тай-брейкте анықтады. Жақсы ойын көрсеткен Кукушкин 7:6 (10:8) есебімен Адреас Сеппиден басым түсті.
Екінші сетте қазақстандық 29 минуттың ішінде 6:0 есебімен ұтты. Ал, үшінші сетте Кукушкин бір брейк жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Михаил Кукушкин италиялық Адреас Сеппиді 3:0 (7:6, 6:0, 6:4) есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасына үміт сыйлады. Себебі Қазақстан-Италия арасындағы ойындар сериясында есеп 2-2 есебімен теңесті.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Италия теннисшілерінің арасындағы барлық ойынды «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.
Фото: Дэвис Кубогының твиттердегі парақшасынан