Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясы директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды
Чилидің Сантьяго қаласында Халықаралық теннис федерациясының (ITF) президенті мен федерацияның директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау өтті. ITF директорлар кеңесінің мүшелігіне төрт жылға 25 кандидаттың ішінен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов сайланды.
ITF директорларының жаңа құрамына түрлі елдердің 13 кандидаты кірді.
Халықаралық федерацияның басшысы болып америкалық Дэвид Хэггерти сайланғанын атап өтейік. Ол ITF-ті бұған дейін 16 жыл бойы басқарған Франческо Риччи-Биттидің орнына келді.
Халықаралық теннис федерациясы (ағыл. International Tennis Federation, ITF) - әлемдік теннистің басқарушы құрылымы. Бүгінде ол 205 ұлттық ұйымды біріктіріп отыр. Ол ойынның ережелерін шығарып, өзгертеді, теннисті Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) ұсынады, бірқатар жарыстар өткізіп, сондай-ақ әлемде теннисті дамыту және танымалдылығын арттырумен айналысады.