Алматыда бокстан Әлем чемпионаты басталады
Бокстан Әлем чемпионаты Қазақстанның Оңтүстік Астанасында шымылдығын түреді. Дүниежүзінің мықтылары бас қосатын бәсекеге, 118 мемлекеттің спортшылары қатысуға ниет білдіріпті. Сонымен қатар, 580 боксшыдан бөлек, 400 мыңнан аса қонақ келеді деген болжам бар.
Осы дүбірлі додада, Қазақстан намысын 10 жерлесіміз қорғайды. Жеңіл салмақта, Біржан Жақыпов, Илияс Сүлейменов, Қайрат Ералиевке сенім артылып отыр. Ал, Берік Әбдірахманов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов 60 келіден жоғары салмақта өз өнерлерін ортаға салады. Азия чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы 75 келіде ел абыройын асқақтатуға күш жігерін салмақ. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов болса 81 келіде шаршы алаңда шеберлігін байқатады. Ауыр салмақтылар арасында, Антон Пинчук пен Иван Дычко бар. Әлем чемпионатының толық нұсқасын KAZsport арнасы тікелей эфирде назарларыңызға ұсынады.
AIBA аясында өтетін әлемдік дода қазан айының 14-26 аралығында өтеді.