Дүниежүзілік бокс қауымдастығы "суперчемпион" атағын беретін болды
Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 1 ақпанда Монте-Карлода өткізеді. Боксшының айтуынша, бұл жекпе-жек бойынша қарсыласы әлі анықталмаған.
«Дүниежүзілік бокс қауымдастығы «суперчемпион» атағын беретін болды. Енді бұл мәртебеге байланысты жаңа ұсыныстар мен жаңа қарсыластар анықталады. Қазіргі уақытта үміткер жоқ. Ал жаттығу әдеттегідей АҚШ-та өтеді», деді Головкин.
Сонымен қатар, Геннадий Головкин қазақ боксының 80 жылдығында елімізде тұңғыш Әлем чемпионатының өткізілгеніне қуанышты екенін жеткізді. Алматыда өткен Әлем чемпионатының жартылай финалын және финалдық жекпе-жектерін қарағанын айтты.
«Мен қазақ боксын мақтан тұтамын», деді боксшы. Сонымен қатар, боксшы АҚШ-та Қазақстан туралы жиі айтылып, туған жері Майқұдықтың «брендке» айналғанына қуанышты екенін жеткізді.