WSB. «Astana Arlans» қарсыластары – «Russian Boxing Team»
Дүниежүзілік бокс сериясында «Astana Arlans» командасы «Russian Boxing Team» боксшыларымен кездеседі. Ресейлік былғары қолғап шеберлерімен болатын жекпе-жекте екінші «бестіктің» жігіттері шаршы алаңға шығады. Нақтырақ айтсақ, бұл жолы 52, 60, 69, 81 және 91 келіден жоғары салмақтағы боксшылар бақтарын сынайды. Жекпе-жектер сенбі, 23 қарашада Санкт-Петербургте өтеді.
Шаршы алаңға шығатын боксшылардың есімдері де белгілі. 52 келіде жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаевтың қарсыласы – әлемнің екі дүркін чемпионы Миша Алоян.
60 келіде Самат Бәшенов Универсиада жеңімпазы Адлан Абдурашидовпен жұдырықтасады. Қостанайлық боксшы өткен жылы «арландардың» чемпиондық атақты жеңіп алуына үлкен қосты.
69 келіде Азия және Қазақстан чемпионы, шығысқазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – Александр Иванов. Айта кетейік, Мейірім Мерей Ақшаловтың туған інісі.
81 келіде Данабек Сужанов Дмитрий Биволмен қолғап түйістіреді. Боксшылар бұған дейін Бакуде өткен турнирде кездескен. Сол жекпе-жекте ресейлік боксшының мерейі үстем болған. Енді Данабек қарымта қайтаруға тырыспақ. Оның үстіне бұл - қазақстандық боксшының WSB сериясындағы алғашқы жекпе-жегі.
Аса ауыр салмақта «Astana Arlans»-тың хорватиялық легионері Филип Хргович Еуропа чемпионы Сергей Кузьминмен кездеседі. Хргович дүниежүзілік бокс сериясында 15 кездесу өткізіп, оның 12-де жеңіске жеткен тәжірибелі боксшы.
WSB-нің төртінші маусымындағы алғашқы кездесуінде «Astana Arlans» әзірбайжандық «Baku Fires»-ті 4:1 есебімен ұтса, «Russian Boxing Team» Польшаның «Hussars Poland» командасын қабылдап, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Ресейлік команданың жаттықтырушысы Эдуард Кравцов басты қарсыластары қазақстандық және кубалық команда екенін атап көрсетті. Сонымен қатар үздіктер тізіміне әзірбайжандық боксшыларды да қосты. Бапкердің ойынша, бұл маусымдағы чемпиондық атаққа осы төрт елдің боксшылары таласпақ.
Жекпе-жектерді «KAZsport» телеарнасы сенбі, 23 қарашада Астана уақытымен 01:30-да көрсетеді.