Бокс. Әзірбайжан-Қазақстан командалары жекпе-жекке шығады
Өткен аптада «Poland Hussars» командасын жеңіп, үш ұпай олжалаған «Astana Arlans» 18 қаңтарда Әзірбайжанның «Baku Fires» командасымен кездеседі.
«Astana Arlans» биылғы маусымда «Baku Fires» командасымен өткізген алғашқы жекпе-жегінде 4:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл кездесуде 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақтағы боксшылар күш сынасқан-ды.
Алдағы кездесуде жекпе-жектер қалған бес салмақ дәрежесінде, яғни, 52, 60, 69, 81 және 91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі боксшылар арсында өтеді.
«Арландардың» бас бапкері Сергей Корчинский бұл жекпе-жекке төмендегідей боксшыларды қосуды ұйғарыпты: Ілияс Сүлейменов (52 келі), Самат Бәшенов (60 келі), Мейірім Нұрсұлтанов (69 келі), Эхсан Роузбахани (81 келі), Руслан Мырсатаев (+91 келі).
Арландар сапына жақында ғана қосылған 52 келідегі Ілияс Сүйлеменов 18 қаңтарда алғашқы жекпе-жегіне шығады. Оның қарсыласы - Елвин Мамишзада дүниежүзілік бокс сериясының былтырғы маусымында екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. 2010 жылы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы әлем чемпионатында ширек финалға дейін шықты. Өз елінің 2010 жылғы чемпионы. 2012 жылы Олимпиада ойындарына қатысты.
60 келі салмақта «Astana Arlans» намысын Самат Бәшенов қорғаса, «Baku Fires» атынан ресейлік легионер Альберт Селимов шығады. Ресейлік боксшы былтырғы маусымда бес жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Тек, украиналық Василий Ломаченкомен болған жекпе-жекте ғана есе жіберді. Биылғы маусымда Селимов мексикалық Норберто Флоресті жеңген болатын.
Селимов - Еуропаның екі дүркін чемпионы, 2007 жылы Чикагода өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы, 2009 жылы Миландағы әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Төрт дүркін Ресей чемпионы.
69 келі салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов әзірбайжандық Яухени Рамашкевичпен жұдырықтасады. Бұл екеуі де дүниежүзілік бокс сериясының жобасына биыл ғана келген боксшылар. Рамашкевич ресейлік Александр Беспутиннен жеңіліп қалды. Ал, Мейірім ресейлік клубпен болған кездесуде Александр Ивановты ұтып, «арландардың» жеңісіне айтарлықтай үлес қосты. Бұл жолы да Мейірімнің мерейі үстем болады деген ойдамыз.
81 келі салмақта «арландардың» үздігі - Эхсан Роузбахани шығады деп күтілуде. Оның қарсыласы - Рамазан Магомедов. «Баку оттары» командасындағы ең тәжірибелі, тісқаққан боксшылардың бірі осы Магамедов десек болады.
Рамазан Магомедов 2012 жылы дүниежүзілік бокс сериясының жекелей сайысында чемпион атанған. Биылғы маусымдағы алғашқы жекпе-жегін мексикалық боксшымен өткізіп, айқын басымдықпен жеңді. Сонымен қатар, осыған дейінгі үш маусымда 15 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Естеріңізде болса, 2010-11 жылғы маусымда «арландардың» сапында өнер көрсеткен ганалық Максвел Ампонсах та осы Рамазан Магомедовтен жеңілген болатын. Әрине, мұндай тәжірибелі боксшымен жұдырықтасу Эхсан Роузбахани үшін өте ауырға соғатыны анық. Дегенмен, Роузбахани намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.
Аса ауыр салмақтағы алыптар бәсекесінде Руслан Мырсатаев пен Қажы Муртузалиев бақ сынайды. Руслан биылғы маусымда әзірге жекпе-жек өткізген жоқ. Ал Муртузалиев болса, жақында ресейлік клубпен болған жекпе-жекте Сергей Кузьминмен жұдырықтасып, ұпай санымен ұтылып қалды.
Жалпы, «Astana Arlans» үшін Әзірбайжан клубы өте қолайсыз қарсылас. Осыған дейін қос команда өзара бес жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде «Baku Fires» боксшылары жеңіске жеткен.