WSB. Мәди Шолақов жеңісті жалғастырды
Жекпе-жекті 56 келі салмақтағы боксшылар жалғастырды. Бастапқыда бұл бәсекеде Мейірболат Тойытов пен Эдуард Абзалимов шығу керек еді. Алайда ресейлік боксшы жарақат алып, оның орнына Никита Федорченко шықты. Қазақстандық команданың бас бапкері де өзгеріс енгізіп, Мәди Шолақовқа мүмкіндік берді.
Бапкер сенімін ақтаған Мәди Шолақов Дүниежүзілік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Оның қарсыласы Никита Федорченко да бұған дейін бірде-бір жекпе-жек өткізбеген.
Қазақстандық боксшы гонг соғылған сәттен бастап қарсыласын соққының астына алды. Шолақовтың сериялық соққыларына төтеп бере алмаған ресейлік боксшы жиі ереже бұзумен болды. Төрешілер тарапынан Федорченкоға бірнеше ескерту жасалды. Жекпе-жекте айқын басымдық танытқан Мәди Шолақов жанкүйерлерге екінші жеңісті тарту етті.