Головкин нокаутқа түспеген ганалық «жыланды» ұта ала ма?
Бүгін түнде WBA және IBO тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғайды. Оның қарсыласы - ганалық Осуману Адаманы кеңінен таныстырып өтсек.
Осуману Адама (Osumanu Adama) - 1980 жылы 24 желтоқсанда Гананың Акра қаласында дүниеге келген. Лақап аты – «жылан» (the snake). Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2001 жылдың мамырында бірінші орта салмақта (69,9) өткізді. Үшінші жекпе-жегінде Гана чемпионы атағын жеңіп алды. 2004 жылдың шілдесінде WBA тұжырымы бойынща Африка чемпионы атанды.
2009 жылы Осуману Адама кәсіпқой бокстағы 14-ші жекпе-жегінде алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Ол америкалық Дай Дэвиске ұпай санымен есе жіберді. Келесі жекпе-жек те ганалық боксшы үшін сәтсіз болды. Ол тағы бір АҚШ боксшысы Дон Джордждан ұтылып қалды.
2010 жылы мексикалық боксшы Анджела Эрнандесті ұтып, IBO тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион атағын жеңіп алды. 20011 жылы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атақ үшін болған жекпе-жекте бұрынғы әлем чемпионы, ресейлік Роман Кармазинді нокаутқа түсірді.
2012 жылдың 7 наурызында австралиялық Дэниэль Гилден ұпай саныман жеңіліп, IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атағынан айырылды. Ол өзінің соңғы жекпе-жегін 2013 жылдың 26 шілдесінде америкалық Доэль Карраскильомен өткізді.
Ганалық боксшы кәсіпқой шаршы алаңда 25 жекпе-жек өткізіп, оның 22-де жеңіске жеткен. Ал үш кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан. Олардың барлығында тек ұпай санымен жеңілген.
Осуману Адама бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Головкиннің барлық чемпиондық белбеуін тартып аламын деп уәде берді. Сонымен қатар, Головкин командасының мені таңдауы – үлкен қателік деді мәлімеме жасады.
Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Осуману Адама арасындағы жекпе-жек 1-ші ақпанда Монте-Карлода өтеді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы WBA тұжырымы бойынша чемпиондық мансабын оныншы рет қорғайды, ал IBO тұжырымы бойынша жетінші рет чемпиондығын қорғамақ.
Бокс кешін бүгін, ақпанның 1-нен 2-не қараған түнде «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.