Ғани Жайлауов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтіп жатқан бокс кешінде шаршы алаңға 60 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлері көтерілді.
Бұл салмақта Ұлттық құрама мүшесі Берік Әбдірахманов WSB аясында алғашқы жекпе-жегін өткізуі тиіс еді. Алайда «Астана арландары» клубының бас бапкері Сергей Корчинский соңғы сәтте ғана өзгеріс енгізіп, алғашқы жекпе-жегін өткізу Ғани Жайлауовқа бұйырды. Бас бапкер бұл өзгерісті стратегиялық және тактикалық шешім деп түсіндірді.
Ғани Жайлауов Давид Павел Михелиуспен қолғап түйістірді. Тәжірибелі поляк боксшысы Дүниежүзілік бокс сериясында өткен маусымнан бері жұдырықтасып келеді. Бұл маусымда өткізген екі кездесудің біреуін жеңіспен аяқтады. Сонымен қатар, Павел Михелиус 2010 жылы Миланда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Дегенмен, бес раундқа созылған бүгінгі жекпе-жек қазақ боксшының басымдығымен өтті. Ғани Жайлауов алғашқы кездеуін жеңіспен аяқтап, командалық есептегі басымдықты еселей түсті.